«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет»/«Современная казахстанская культура в глобальном мире»
заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың еншісінде.
Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.
Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.
Бұл жоба нені көздейді?
Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.
Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс.
Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.
Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал.
Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қолдау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.
Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс.
Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек.
Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткіземіз.
2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды айқындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тыңғылықты жүзеге асырамыз.
Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады.